«Елу жылда ел жаңа» деп халық даналығы айтқандай, бүгінгі жаһандану заманында өмір сарыны бірқалыпты, ағысы жай өзендей емес, бұрқырап, арнасынан тасыған өзендей күннен – күнге жанданып, жаңарып жатқанын  көзімізбен көріп, жүрегімізбен сезініп отырмыз. Еңсегейлі ел болып, түтініміздің түзу, тәуелсіздігіміздің тұғыры берік болып келе жатқанына  да ширек ғасырға жақындап келеді. Осы уақытта мемлекеттің өз дәрежесіне жетіп, аяғын нық басуына, соның ішінде халықтың әл – ауқаты мен өсіп  - дамуы, яғни демографиялық жағдайына аса көңіл бөліп отырған елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еңбегін атамау мүмкін емес. Елбасының көрегендігімен бағыт алып, бүгінде айтулы нәтижелер көрсетіп отырған «Балапан» бағдарламасы  - біздер, мектепке дейінгі ұйымдар мен оның қызметкерлеріне қолтығынан демеу бергендей болып келеді.

Қасиетті де, өнерлі, жері мен елінің байлығы қазақ жерінен асып кеткен Атырау облысында да осы «Балапан» бағдарламасы өз қанатын кеңге жайып, облыстық әкімшіліктен қолдау жасалып, 2009 жылы облыс орталығында жаңбырдан кейін жасыл желектей болып бірнеше балабақша бой көтерді. Соның ішінде қалаға тиіп тұрған Жұмыскер елді мекеніндегі «Таңшолпан» балабақшасы бүгін алыстан көз тарта, мен мұндалап, сәбилерді құшақ жая қарсы алғанына да мінекей 8 жыл болып қалды.

 

 

 

Кеңес өкіметі қалған ғимараты да, өзі де ескіріп, көмек күткен, қанатсыз құстай болған ескі балабақшадан кейін «Таңшолпандай» зәулім ғимарат Жұмыскер халқының жүрегін қуанышқа бір бөлесе, жаңа балабақшаға аяқтарын апыл – тапыл басып келген бүлдіршіндердің жүзінде күлкі нұры ойнап, әрдайым шуақ шашады. Балабақша 2009 жылы қазан айында ең алғашқы тәрбиеленушілерін қабылдады. 2011 жылдың шілде айында жапсаржай салынып, бұрынғы 160 орын 280 орынға кеңейді. Қазақта ұл мен қызы көбейіп, отбасы кеңейсе, «ұрпағым көбейеді, артымда қалдырар ізім бар» деп қуанатын ырым бар, ендеше біздер балабақша қызметкерлері де келешек ұрпақтың өсіп – өніп, қанатын кең жайып келе жатқанына қуанышпен қараймыз.

 

 

 

Былдырлаған бала  күлкісінің ошағында балалардың жан – жақты дамуына барлық жағдайды қарастырылған. Балабақша І кіші топтан 2 топ, ІІ кіші топтан 5 топ, ортаңғы топтан 3 және ересектер топтарынан 2, барлығы 12 топ бар. Тәрбиеленушілердің саны 500 – ге жуық. Бүгінгі күні балабақшамызда 35 педагог, 40 әр – түрлі бағыттағы қызметкерлеріміз еңбек етіп келеді.

Таңшолпан балабақшасы бүгін де буыны бекіп, өзін – өзі жан – жақты көрсетіп, өз тәрбиеленуші – сәбилерінің жетістіктерін қалаға, облысқа көрсете білген балабақша десек, артық айтқандық емес.    

2009-2017 оқу жылдарында біздің өнерпаз ұл – қыздарымыз балалардың «Айгөлек» шығармашылық фестиваліне, үнемі қатыса отырып, жүлделі орындарды иеленсе, сәби кезден білімге ұмтылған өрендеріміз балабақша аралық, қалалық, облыстық «Білім жолы» олимпиадаларына қатысып, үлкен биіктерден көрініп келеді.

2010-2011 оқу жылында қалалық «Білім жолы» олимпиадасынан «Гран - при» иегері Қасымханова Алиман, 2011 – 2012  оқу жылында қалалық «Білім жолы» олимпиадасынан жүлделі ІІ орын алған Изниев Бекжанды ерекше атасақ, 2012-2013 оқу жылында балабақша аралық, қалалық, облыстық "Білім жолы" олимпиадаларына бас жүлде мен І орынды иеленген Жакупова Заринаны да тілімізге тиек етіп, зор мақтанышпен айтып жүреміз. Сондай – ақ жылда өтілетін Айгөлек балалар шығармашылық фестивалдерінен хореография, вокаль, оркестор наминациялары бойынша  жүлделі І, ІІ, ІІІ орындарды иеленіп келсе, өткен оқу жылындағы  Айгөлек балалар шығармашылық фестивалінің көркем сөз номинациясы бойынша тәрбиеленушіміз Ғилым Манас қалалықтан да, облыстықтан да жүлделі І орынды иеленіп, балабақшамыз үлкен мақтанышқа  ие болды. 

«Ел  болам десең – бесігіңді түзе» деген қанатты сөзді ұстана отырып, біз өз шаңырағымыздағы  сәбилер бойына халқымыздың салт – дәстүрін, әдет – ғұрпын балалық шақтан сіңіру мақсатында халықтық педагогика бағытында жұмыс жүргіземіз. Сәби жастан ұлттық құндылықтарды сана – сезіміне бекіту арқылы әр баланың өз елін, жерін қастерлеуге тәрбиелесек деген міндетіміз де осыны көздейді. Балабақша «Мектепке дейінгі жастағы балаларда патриоттық сезімді тәрбиелеу» бағдарламасымен жұмыс жасап келеді, күні кеше қазан айында өткен облыстық баламалы бағдарлама сайысында жұмысымыз қорғалып, жүлделі ІІ орынға ие болдық.

«Табиғат – тіршілік көзі» екені баршамызға аян. Өлкеміздегі табиғат жағдайы, қоршаған орта мәселесі бәрімізді де толғандырады. Өз өлкесінің табиғатын таныту, сол табиғатты аялауға сәби кезінен үйрету үшін балабақша экологиялық тәрбие беру бағытын да ұстанып келеді. Бұл бағыттың бірінші белгісі – ауладағы табиғатымыз және балабақша ішіндегі экологиялық бөлме. 

 

 

 

Бірлік  пен тірліктің арқасында балабақша ауласының көгалданып жайқалуы, әр түрлі жеміс ағаштары мен көкөністердің өсірілуіне тікелей мұрындық болып отырған ата – аналарымызға айтар алғысымыз шексіз.  Ата – аналардың көмегі, қолдауы арқасында  экологиялық бөлме, балабақша ауласы күннен – күнге толықтырылып, көркейіп келеді.  2010-2011 оқу жылы Атырау облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткізілген «Экологиялық бөлме» конкурсында жүлделі ІІ орынды иеленсек, 2012 жылы өз жер учаскелерін көгалдандыру, ынталандыру, экологиялық мәдениетті арттыру, қоршаған ортаға оңды көзқарас қалыптастыру  бағытында ұйымдастырылған конкурста балабақша жүлделі ІІІ орынды иеленіп,  балабақша мәртебесін көтердік.

 

 

 

Сондай – ақ, биыл 2017 жылы Республикалық «Ең үздік экологиялық жоба» сайысында балабақша тәрбиешісі Жаймова Роза Бекболатқызы  «Мен және табиғат» жобасымен қатысып, «Ең үздік номинациясын»  жеңіп алды.

«Мұғалім өзінің білімін үздіксіз жүргізгенде ғана мұғалім» деген даналықты ескеріп, балабақша ашылғалы бері басшылық етіп келе жатырған басшымыз Жанекешова Салтанат Жеңісқызы қызметкерлеріміздің жұмысын, еңбегін үнемі қадағалап, керек кезінде қол ұшын беріп, білімдерін, біліктерін жетілдіріп отырады.

Жанекешова Салтанат Жеңісқызы 2009 жылдың қазан айынан  №11 «Таңшолпан» балабақшасы ашылған кезден бастап балабақша директоры қызметін атқаруда .

Жыл сайын білім беру мекемелері арасында өткізілетін  түрлі конкурстарға қатысып, біздің педагогтарымыз аса белсенділік танытып, жүлделі орындар иеленіп келеді.  Балабақшамыздың жылдық оқу – тәрбие жоспарына сай, оқу жылында тіл мерекесі, алтын күз, жаңа жыл, наурыз мерекелерінің барлығы да өз деңгейінде өткізіледі. Бұл ретте де балабақшаға жанашыры болып, бала көңілін таба білетін тәрбиешіге көмекші болған ата – аналар саны жеткілікті. Отбасылық сайыстарға, мерекелік шараларға ынта – жігерімен қатысатын ата – аналарымызға әрқашан ризашылық білдіреміз.

 

 

 

«Болар елдің арманы бітпес» дегендей жаны жақсылыққа ұмтылушы басшымыздың елеулі еңбегінің арқасында 2014 жылдың қазан айында балабақшамызға Қазақстан Республикасының премер министрінің орынбасары Әбдіқалықова  Гүлшара Наушақызы, сол кездегі Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым министрі Саринжипов Аслан Бәкенұлы келіп, жұмыс барысы, бағытымен танысып, өз алғыстарын білдірді.

 

 

«Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін» қорытындылау келе, халқымыздың біртуар перзенті, ұлы жазушы, ойшыл ғалым Мұхтар Әуезовтің «Ұл тәрбиелей отырып, халықты тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып, ұлт тәрбиелейміз» деген ұлы сөзін жадымыздан шығармай, болашақты нық сеніммен тапсырар – бүгінгі бүлдіршіндерімізге бойымыздағы бар білімімізді беруге біз де аянып қалмаймыз.